8 (7172) 72-57-89
Байланыс
nnpcfk2020@yandex.kz
E-mail
Сарыарқа 6, 9 қабат
Астана қ.

ЖАҢАЛЫҚ

Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Орлы ауылы — небәрі жүз шақты үй. Мектепте екі жүздей ғана оқушы. Облыс орталығына дейін — 250 шақырымнан астам. Ал Ұлттық мектеп лигасының жеңімпазы атану — одан да алыс көрінетін. Бірақ бұл ауылдың сегізінші сынып оқушы қыздары чемпион атанды.

Динара Оразбек, Ақбота Талапова, Айару Наурызбай, Наргиз Мұратова, Жанерке Серікқали, Томирис Серік пен Жасмин Алтайқызы. Бар болғаны жетеу. Ақтық кезеңге жол жүрер алдында бір ойыншы сырқаттанып қалып, команда құрамында сегіз адам болу керек деген ережеге сәйкес келмей қалды. Яғни жарысқа қатыспай қалу қаупі болды. Бірақ қарсылас командалар оларды ойынға жіберуді қолдап дауыс берді. Нәтижесінде, финалда жеңіске жеткен — осы қыздар.

Бойлары ұзын емес. Спорт интернатынан емес. Қаладан да емес. Бірақ республиканың түкпір-түкпірінен келген 17 үздік команданы артта қалдырды.

Бесінші сыныптан бастап баскетбол ойнап келеді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асылмұрат Төреұратов олардың бойынан қабілет көріп, сабақтан тыс уақытта жаттықтыра бастаған. Алғашқы нәтижесі — 5–6 сыныптар арасындағы 4-орын. Кейін 7–8 сыныптар арасында қола медаль. Биыл — алтын.

Бұл кездейсоқ жеңіс емес. Қыздар түрлі жарыстарға тұрақты қатысып жүр. Олар — облыс чемпиондары, республикалық деңгейдегі турнирлердің жүлдегерлері.

Айта кетейік, 5–31 мамыр аралығында Астана қаласында 7–8 сынып оқушылары арасындағы Ұлттық мектеп лигасының финалдық ойындары өтіп жатыр. Жобаға жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 3,5 миллионнан астам оқушы қатысады.

16 мамыр күні елордада 7–8-сынып оқушылары арасындағы Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – еліміздегі ең ірі оқушы спорт жобаларының бірі.

Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, сондай-ақ министрліктер мен әкімдіктер өкілдері, білім және спорт басқармаларының басшылары, танымал спортшылар, финалдық кезеңге жолдама алған қатысушылар мен құрметті қонақтар қатысты.

Салтанатты бөлімде республикалық жарыстарға ресми түрде бастау берілді. Ашылу рәсімінің ерекше сәті – биыл Сербияда өткен Дүниежүзілік мектеп гимназиадасында жүлделі орын алған 11 оқушыны марапаттау болды. Оларға оқу-ағарту министрінің атынан алғыс хаттар табысталды.

Кеш аясында қатысушы командалар шеруі, спорт федерациялары ұсынған белсенді ойындар, өнерпаздардың концерттік қойылымдары, түрлі байқаулар мен сыйлықтар ойнатылды. Ашылу салтанатының тікелей көрсетілімі Sport Plus Qazaqstan және Dene_tarbiesi_ortalygy YouTube-арналарында жүргізілді.

7–8-сынып оқушылары арасындағы Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңі 5 мамырда басталды. Қазіргі уақытта шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика және ұлдар арасындағы футбол сайыстары аяқталды. Астанада қыздар футболы, волейбол, баскетбол және үстел теннисі ойындары жалғасуда. Жалпы, финалдық кезеңге аймақтық іріктеу жарыстарында топ жарған 5 мыңнан астам оқушы қатысып жатыр.

Ұлттық мектеп лигасы мектеп бағдарламасына енген 10 спорт түрін қамтиды: тоғызқұмалақ, шахмат, жеңіл атлетика, футбол («Былғары доп»), үстел теннисі, волейбол («Шұбар доп»), баскетбол («Алтын доп»), асық ату, бес асық және гандбол («Ұшқыр доп»).

Биылғы финал республикалық деңгейдегі кәсіби спорт кешендерінде өтіп жатыр. Барлық төрелік пен техникалық қолдауды спорт федерацияларының білікті мамандары қамтамасыз етуде.

Жарыстар төрт кезеңнен тұрады: мектепішілік, аудандық/қалалық, облыстық және республикалық. Басты талап – әр команда тек бір мектептің оқушыларынан құралуы тиіс. Арнайы спорт мектептерінен, интернаттар мен академиялардан құралған командалар қатыса алмайды. Бұл – барлық оқушылар үшін тең мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін 9–11-сынып оқушылары арасындағы финал Талдықорғанда өтті. Ал 5–6-сынып оқушыларына арналған финал маусым айында Алматы қаласында өтеді.

Оқу жылының басынан бері Ұлттық мектеп лигасына ел бойынша 3,5 миллионнан астам оқушы қатысты. Бұл – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мектеп оқушылары үшін теңдессіз спорттық мүмкіндік.

Бүгін Астанада Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Мектеп және студенттік спорттың мәселелері мен даму жолдары» тақырыбында кеңес өтті. Жиынға ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің, сондай-ақ 25 ұлттық спорт федерациясының өкілдері қатысты.

Кеңестің мақсаты – балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру инфрақұрылымын жаңғырту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және жаңа ынтымақтастық формаларын қалыптастыру арқылы мектеп және студенттік спортты кешенді дамыту жолдарын қарастыру.

Ұлттық дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Арман Ташметов өз сөзінде спорттың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі орнына тоқталып, дене тәрбиесі – қоғамның денсаулығы мен белсенділігін қалыптастырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.

– Дене шынықтыру – бұл жай ғана сабақ емес. Бұл – ұлт саулығына салынған инвестиция. Бүгінгі оқушылар – ертеңгі чемпиондар мен қоғам көшбасшылары. Біз оларға барлық жағдайды жасауымыз керек, – деді Арман Ташметов.

Жиында еліміздегі дене шынықтыру пәні мұғалімдері жайлы талдау ұсынылды. Қазіргі таңда мемлекеттік мектептерде 29 636 маман еңбек етуде. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, кәсіби жаттықтырушылар мен спорт шеберлігіне кандидаттар бар. Волейбол, футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату – бұл спорт түрлеріне ел бойынша мыңдаған бала қатысып жүр.

Орталықтың күнтізбелік жоспары аясында жыл сайын ауқымды шаралар өткізіледі:

  • Қысқы және жазғы гимназиадалар;
  • 10 спорт түрі бойынша Ұлттық мектеп лигасы;
  • 23 спорт түрі бойынша көпдеңгейлі жарыстар.

Федерациялар өз бастамаларымен бөлісті. Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Канагатов дене шынықтыру мұғалімдерін қайта оқытып, оларды жаттықтырушы ретінде тарту бастамасын ұсынды. Оның айтуынша, елде 262 мыңнан астам үстел теннисімен айналысатын әуесқой бар, алайда кәсіби бапкерлердің тапшылығы сезіледі.

ҚР Футбол федерациясының өкілі Никита Мозгомов UEFA Playmakers жобасының табысты іске асырылып жатқанын айтты. 5-8 жас аралығындағы қыздарға арналған бұл бағдарлама ойын түрінде футболға баулуға бағытталған және екінші жыл қатарынан жүзеге асуда.

ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев 2 000-нан астам баланы қамтыған «Babby Tennis» жобасын таныстырды. Бұл бастама 100-ден астам балабақшада іске асуда.

Волейбол федерациясының вице-президенті Ермек Сырлыбаев бүгінде 357 мыңнан астам баланың волейболмен шұғылданып жатқанын жеткізді. Бұл спорт түрінің елдегі даму қарқыны ерекше.

Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Әліжан Төлембаев баскетболға жоғары сынып оқушыларының қызығушылығы артып келе жатқанын және бүкіл ел бойынша түрлі лигалар мен жарыстар санының көбейіп отырғанын атап өтті.

Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы Арман Әбеуов Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатқан ведомствоаралық жұмысты таныстырды. Бұл бағытта бастапқы әскери-техникалық дайындық (БӘТД) және дене шынықтыру саласында педагогикалық құрамды нығайту қарастырылуда. Әсіресе әскери зейнеткерлер мен кәсіби жаттықтырушыларды мектептерге дене шынықтыру пәні мұғалімі және БӘТД инструкторы ретінде тарту мәселесі көтерілді.

– Бүгінгі мектеп сапалы мамандарға мұқтаж. Әскери зейнеткерлер – тәртіп пен тәжірибенің иесі, ал жаттықтырушыларда – әдістеме мен мотивация бар. Осы екі әлеуетті тиімді үйлестіру арқылы біз кадр тапшылығын жойып, оқушыларды жоғары деңгейде дайындай аламыз, – деді Арман Әбеуов.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов өз сөзінде Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында бұқаралық спортты, оның ішінде балалар спортын дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Ол бұл бағытта нақты нәтижелерге тек бірлескен күш-жігер арқылы қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.

Кеңесті қорытындылаған Арман Ташметов барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, мектеп және студенттік спортты дамытуда федерациялар белсенділігінің маңыздылығын атап өтті:

– Егер біз дені сау, мықты, табысты ұрпақты тәрбиелегіміз келсе — бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Осы жолда қолдау білдірген әріптестерге алғысымды білдіремін!

previewIMG_9203.jpg - 1.58 MBIMG_9194.jpg - 1.95 MBIMG_9198.jpg - 2.92 MBIMG_9261.jpg - 2.09 MBIMG_9248.jpg - 1.66 MB

4-14 сәуір аралығында Сербияның Златибор қаласында Бүкіләлемдік мектеп спорт ойындары (ISF U-15) өтеді. Бұл – жас спортшылар үшін ең ірі халықаралық турнир. Биыл жарысқа 70-тен астам елдің өкілдері қатысып, 25 спорт түрі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салады.

Қазақстан құрамасы 22 спортшыдан жасақталды. Олар дзюдо, еркін күрес, бокс және шахмат спорт түрлерінде ел намысын қорғайды. Құрамаға республикалық чемпионаттардың жеңімпаздары, қатаң іріктеуден өткен және тыңғылықты дайындықтан өткен спортшылар енді.

Ел намысын Аманжол Абжали, Ерасыл Қалмағанбет, Аю Қымбат, Серікқали Бақдәулет, Ануарбек Айбар, Ақылбай Мансұр, Бақыт Әлібек, Арашов Висхан, Нұрболат Амир, Смағұл Алихан, Нұрқожа Қалыбек, Нұртас Бисенбай, Мейрамбек Балтабек, Ескенов Аруен, Дулатов Нұрислам, Макаров Шыңғыс, Әлімбай Нұртас, Садық Айбек, Молдабай Алихан, Орынтайқызы Айя, Жанат Нұрым, Алғаппарова Олтинай қорғайды.

Айта кетейік, ISF Дүниежүзілік мектеп спорт ойындары – 13-18 жас аралығындағы оқушыларға арналған ең ірі көпсалалы спорттық шара. Бұл халықаралық жарыс алғаш рет 1974 жылы ұйымдастырылған. Қазақстан бұл сайысқа 2022 жылдан бері қатысып келеді. Өткен жылы ұлттық құрама 6 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль жеңіп алған еді.

ҚР, Астана қ.,
Сарыарқа данғылы, 6
БО "АРМАН" 9 қабат
8 (7172) 72-57-90 Кадр бөлімі
8 (7172) 72-57-92 Спорт бөлімі
8 (7172) 72-57-93 О/Ә бөлімі
8 (7172) 72-57-94 Біліктілікті арттыру
nnpcfk2024@gmail.com
info@nnpcfk.kz
© Design by 2026 site-pro.kz. All Rights Reserved.
  • БАСТЫ
  • БІЗ ТУРАЛЫ
  • ЖАҢАЛЫҚ
  • ПЕДАГОГТЕРГЕ
  • ҒЫЛЫМ
  • Спорт
  • АЙМАҚТАР
  • Әдістемелік материалдар
  • меморандумдар